Ақтөбедегі ауыр жол апатынан бір мезетте 12 адам қаза тапты
«Газельдің» он жолаушысы оқиға орнында мерт болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында Самара – Шымкент трассасында ірі жол апаты болып, 12 адам көз жұмды. Қайғылы оқиға Белқопа ауылына жақын маңда болған.
Полицияның мәліметінше, 23 қазанда жүк көлігі DAF пен жолаушылар мінген «Газель» жоғары жылдамдықпен соқтығысқан. Алдын ала дерек бойынша, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен.
Соққының қатты болғаны соншалық, екі көліктің жүргізушілері мен «Газельдің» он жолаушысы оқиға орнында мерт болған. Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын анықтап жатыр.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Белгілі болғандай, „Газель“ ресми түрде Жүргенев ауылы мен облыс орталығы арасында жолаушы тасымалдаған», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Қазір апат орнында полицейлер мен тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сараптама жүргізіліп, оқиғаның нақты себептері анықталуда.
Айта кетейік, дәл осы Самара – Шымкент тас жолында биыл мамыр айында да автобус пен жүк көлігі соқтығысып, адам шығыны болған еді. Сондықтан бұл бағытты жүргізушілер арасында жиі «өлім жолы» деп атайды.
Материал авторы