571

Назым Қызайбай уақытша ұлттық құрамадан шығарылды

Жастарға мүмкіндік береміз дейді бас бапкер.

Назым Қызайбай уақытша ұлттық құрамадан шығарылды
ҚБФ / Нұрғали Жұмағазы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин алдағы Әлем кубогының финалына дайындық барысы мен команда құрамындағы өзгерістер туралы мәлімдеді.

Бапкердің айтуынша, Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, соның ішінде Назым Қызайбай, бұл турнирге қатыспайды.

«1–14 қараша аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді. Үндістанда өтетін Әлем кубогының соңғы кезеңіне әр салмақ дәрежесінен үш спортшыдан дайындаймыз. Барлығы бес үздік боксшы ел намысын қорғайды», — деді Сайдалин.

Сонымен қатар, ол әлем чемпионатында өнер көрсеткен спортшыларға демалыс берілгенін атап өтті:

«Олар бұл жиынға қатыспайды. Желтоқсан айынан бастап қайта жаттығу процесіне қосылады», — деді бас бапкер.

Еске салайық, Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған еді.

Чемпион атанғандар: Алуа Балқыбекова, Аида Әбікенова, Наталья Богданова.

Күміс жүлдені Назым Қызайбай, ал қола медальды Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова жеңіп алған.

Айта кетейік, әлем чемпионатының жүлдегерлері қазан айында Семейде өткен Қазақстан чемпионатына да қатысқан жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор