Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады
Зауытты Маңғыстау облысында салу қарастырылып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы жоспарланып отыр. Жоба 2040 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасына енгізілген.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттық сауалға берген жауабында жаңа зауыттың ықтимал орны ретінде Маңғыстау облысы қарастырылып жатқаны айтылған.
«Қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа зауыт салу — мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасының бір бөлігі. Жоба аясында TS-1 және Jet A-1 стандарттарына сай авиаотын өндіру көзделіп отыр», — деді Үкімет басшысы.
Құрылыстың бірнеше кезеңі жоспарланған.
2028–2030 жылдары – техникалық-экономикалық негіздеменің алдын ала нұсқасы (pre-FEED) дайындалады.
2030–2032 жылдары – жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
2032–2040 жылдары – тікелей құрылыс кезеңі өтеді.
Энергетика министрлігі қазірдің өзінде pre-FEED бойынша техникалық тапсырма жасап, жобаның қатысушыларын анықтау үстінде. Сонымен қатар кем дегенде төрт алаң қарастырылып жатыр, олардың арасында Маңғыстау облысы да бар.
Билік интеграцияланған мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін құрып, терең өңдеу мен жоғары табысты өнім өндіруді көздеп отыр.
Айта кетсек, Маңғыстауда қуаты 5 млн тонна болатын жеке мұнай өңдеу зауытын салу нұсқасы да талқылануда. Бірақ премьер-министрдің айтуынша, мұндай жоба тек отынның өзіндік құны жоғары болған жағдайда ғана экономикалық тұрғыдан тиімді болуы мүмкін.
Қазір елдегі үш мұнай өңдеу зауыты — Шымкент, Павлодар және Атырау зауыттары — көктем мен күзде жоспарлы тоқтап тұрады, бұл жанармай тапшылығын туғызады. Сарапшылардың пікірінше, жаңа зауыттар мен саланы жаңғырту осындай үзілістерден туындайтын экономикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Материал авторы