Қазақ вольфрамы үшін тартыс: Қазақстан нарығына АҚШ пен Қытай қатар қызығушылық танытуда
Қазақстан әлемдегі ең ірі вольфрам қоры бар елдердің бірі саналады. Салмағы ауыр, балқу температурасы өте жоғары бұл металл — әскери техника мен жоғары технологиялық өндіріс үшін таптырмас шикізат. Сондықтан да еліміздің кен орындарына бүгінде АҚШ пен Қытай қатар көз тігіп отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда вольфрам өнеркәсібін дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. 2024 жылдың күзінде Алматыда алғашқы өңдеу зауыты іске қосылып, металл өндіруге жергілікті және шетелдік инвесторлар белсенді араласа бастады. Қытайлық компаниялар Қарағанды облысындағы кеніштерге қаржы салып, терең өңдеу технологияларын енгізуде.
АҚШ та бұл салаға назар аударып отыр. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, президент Дональд Трамп әкімшілігі америкалық Cove Kaz Capital Group LLC компаниясының Қазақстанда вольфрам өндіру жобасына қатысуына қолдау білдіруде. Ақпаратқа сәйкес, келіссөздерге АҚШ Сауда министрі Говард Лютник пен «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері қатысуда. Америкалық тарап бұл жобаны федералдық деңгейде қаржыландыруды да қарастырып отыр.
Алайда АҚШ компаниясы бәсекелессіз емес — дәл осы кен орындарына қытайлық Xiamen Tungsten де қызығушылық танытқан. Бұл компания 2018 жылы Қарағанды облысындағы кеніштерді игеруге талпынып көрген, бірақ сол кезде Қытай билігі жобаны мақұлдамаған еді. Енді араға жеті жыл салып, қайтадан қазақстандық нарыққа оралмақ.
Бүгінде екі алпауыт елдің арасындағы негізгі тартыс — кімге артықшылық берілетініне тіреліп отыр. Қытай жағы жоғары баға ұсынуға дайын екенін білдірсе, АҚШ несиелік қолдау мен технологиялық серіктестікті алға тартуда.
Егер келісім жасалса, Cove Kaz Capital Group LLC мен «Самұрық-Қазына» бірлескен кәсіпорын құрып, дайын өнімді АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отыр. Ал Қазақстан үшін бұл – жаңа өндіріс орындары мен заманауи инфрақұрылымның дамуы деген сөз.
Мамандардың айтуынша, еліміздің жер қойнауында 2 миллион тоннадан астам вольфрам қоры бар. Негізгі кен орындары Алматы мен Қарағанды облыстарында орналасқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі бір мәлімдемесінде былай деген еді:
«Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша бірінші, уран мен хром бойынша екінші орында. Бұл қорларды игеру мен өңдеу – ел экономикасы үшін стратегиялық бағыт».
Вольфрам бағасы әлемдік нарықта қарқынды өсіп келеді: аммоний паравольфрамның бір тоннасы шамамен 2,6 мың доллар, ал вольфрам карбитінің (ВК8) бір келісі 50 мың долларға дейін бағаланады.
Сондықтан Қазақстан үшін бұл металл тек экспорттық табыс көзі ғана емес, геосаяси мүдделер тоғысқан стратегиялық ресурсқа айналып отыр.
Серік Алдан