Қыз алып қашу пранкын жасаған атыраулықтарға сот үкім шығарды
Атырауда қызды күштеп көлікке отырғызу көрінісін түсірген пранкерлер сотталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қаладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта Ж., Ғ. және Д. есімді үш азаматқа қатысты іс қаралды. Олар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылған.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 14 қазанда сағат 15:10 шамасында үш жігіт кафе маңында видео түсіру мақсатында «қызды ұрлап әкету» көрінісін ұйымдастырған. Куәгерлердің айтуынша, олар айқай-шумен қызды көлікке күштеп отырғызған.
Сот мәліметінше, бұл әрекеттер қоғамдық тәртіп пен айналадағылардың тыныштығын бұзып, қоғамға құрметсіздік танытқан. Олардың кінәсі бейнежазбалар, фото және өзге де дәлелдермен расталды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сай, ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК көлемінде (78 640 теңге) айыппұл салу, не 20–60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, не 5–15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Сот шешімі бойынша, әрқайсысына 78 640 теңге айыппұл салынды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы