771

Ресейде жұртты күлдіретін сайқымазақ жетпей жатыр

Ресей сайқымазақтар азайып барады деп дабыл қақты.

Ресейде жұртты күлдіретін сайқымазақ жетпей жатыр
depositphotos.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде кәсіби клоундар жетіспей жатыр. Бұл туралы әйгілі цирк әртісі Анатолий Марчевский «Московский комсомольцу» басылымына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, мәселе «клоун киімін киіп, бетіне бояу жаққан аниматорларда» емес, өзіндік болмысы мен философиясы бар шынайы өнер иелерінде.

«Қазір клоунада жанрында жаңа есімдер жоқ. Кейбір цирктер мүлде клоунсыз өнер көрсетеді. Ал клоун – цирктің жүрегі, көрерменнің көңіл күйін басқаратын дирижёр. Онсыз цирк толық болмайды», – дейді Марчевский.

Ол он жыл бойы Екатеринбургтегі халықаралық клоундар фестивалін ұйымдастырған.

«Жеті миллиард адамның арасынан бар болғаны 120 нағыз клоун таптық. Олар – әр елдің күлкі мәдениетін жеткізген ерекше тұлғалар еді», – дейді әртіс.

Қазір Марчевский клоунада өнерін оқытып жүр. Алайда бұл салада жаңа буын қалыптастыру оңай емес. Оның пікірінше, әзілдің табиғаты да, көрерменнің реакциясы да өзгерген.

Материал авторы