SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, журналист Асылхан Мамашұлы Алматы–Тараз–Шымкент–Түркістан–Жаңақорған бағытындағы жолдың жағдайы мен жүргізушілер мінез-құлқына қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялап, жолдағы тәртіпсіздік пен полиция жұмысына сын айтты.
Оның айтуынша, биыл ол Алматы–Тараз–Шымкент–Түркістан–Жаңақорған бағытымен алты рет жүріп өткен және жолдағы басты мәселелерді өз көзімен байқаған.
«Фуралар мен автобустар, жеңіл көліктер қаптап жүр. Жол бойы нағыз аламан бәйге — бәрінің мақсаты бірін-бірі озу сияқты. Көлік жүргізушілерінің мәдениеті нөлге тең», — дейді журналист.
Мамашұлының сөзінше, трассада жылдамдықты шамадан тыс асыратын, тіпті қарсы бағытқа шығып кететін жүргізушілер көп.
«160–170 км/сағат жылдамдықпен келіп, алдындағы көлікті таптап өткісі келетіндер аз емес. Әсіресе 08 және 13 нөмірлі машиналар көзге түседі», — деп жазды ол.
Сондай-ақ журналист жол бойындағы дәретхана мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жеке кәсіпкерлер салған ақылы, бірақ таза дәретханалар — дұрыс бастама. Ал кейбір жанармай бекеттері бәсекеге түсіп, тегін және таза санитарлық орын ұсынуда.
Мамашұлы полицияның әрекетін де сынға алды:
«Түркістан, Шымкент, Тараз аралығында полиция қаптап жүр. Негізгі міндеті — айыппұл салу. Бастықтары қанша десе, сонша айыппұл сала алады. Бұл — бюджет толтырудың амалына айналған», — дейді ол.
Журналист жол қозғалысы ережелеріндегі бірізді жылдамдық шектеулерін қайта қарау қажет деп есептейді.
«Кейбір учаскелерге 110 деген шек қойылған. Бірақ айдалада, қарсы бағытсыз жолдарда бұл қисынсыз. Жолдың жағдайына қарай жылдамдық 120–140 болуы тиіс. Ал Күйік пен Қордай асуларында 50 деген белгі тұр — ондай елсіз жерде кім 50-мен жүреді?» — деп жазды Асылхан.
Ол мәселенің түпкі себебі — теміржол инфрақұрылымының артта қалуында екенін атап өтті.
«Афрасиаб сықылды пойыз зырылдап тұрса халық 2 мың км мәшинемен жүрмес еді. Есерсоқ альфардтарға мініп қырылмас еді.
Теміржол қатынасы дұрыс болмағандықтан фура көбейді», — дейді журналист.
Пост соңында Асылхан Мамашұлы ойын былай түйіндеді:
«Айыппұл мен шектеу мәселені шешпейді. Өлгісі келгендерді айыппұл тоқтатпайды. Өлгісі келмейтін, амалсыз көлікпен шыққандарға жағдай жасау керек».
RUS