ШҚО-да күні кеше тағайындалған полиция басшысы ұсталды
Жақында ғана қызметке отырған бастықтың үстінен іс қозғалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында жаңадан тағайындалған полиция басшысы ұсталды деген ақпаратты ҰҚК растады. Алайда ведомство әзірге істің мән-жайын жария етпей отыр. Бұл туралы hronika.kz жазды.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сүйенсек, Марқакөл ауданының полиция бөлімінің бастығы, майор Руслан Сейітқанов пара алу кезінде қолға түскен. Тіпті, оған берілген сыйлықтардың қатарында Starlink интернет жүйесінің жабдығы да болғаны айтылады. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл сыйлықтар заңсыз алтын өндіру мен саудалауға «көз жұма қарағаны» үшін берілген болуы мүмкін.
ШҚО полиция департаменті бұл жайтқа қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми сауалға тек қысқа жауап қайырды:
«Аталған факті бойынша ҰҚК ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды».
Полиция майорына қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны, сондай-ақ оның серіктестері ұсталды ма, жоқ па — әзірге белгісіз. Ақпараттың әлеуметтік желілерге қалай тарағаны да түсініксіз күйінде қалып отыр.
Қазір істі ҰҚК тергеп жатыр, ал қоғам «пара ма, әлде арандату ма?» деген сауалдың жауабын күтіп отыр.
Материал авторы