543

Депутаттар ауыл дәрігерлеріне уәде етілген 8 млн теңгенің неге берілмей жатқанын талқылады

Ауылға барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге беріледі деген заң шыққан еді.

Депутаттар ауыл дәрігерлеріне уәде етілген 8 млн теңгенің неге берілмей жатқанын талқылады
pixelshot

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасы таныстырылды.

Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қатысты. Құжат елдегі медициналық жүйені жетілдіру мен толық цифрландыруға бағытталған.

Кездесуде депутат Жарқынбек Амантайұлы ауылдық жерлерге барған жалпы практикадағы дәрігерлерге уәде етілген 8 миллион теңге көтерме ақы берілмей жатқанын сынға алды.

«Біз ауылға барған жас мамандарға 8 млн теңге төленеді деп уәде бердік. Бірақ бұл тек тар бейінді мамандарға ғана беріліп жатыр. Ал халықты күн сайын қабылдайтын жалпы практикадағы дәрігерлер неге шет қалып отыр?» — деді депутат.

Оның айтуынша, ауылдық аймақтарда негізгі жүктеме дәл осы дәрігерлерге түседі, алайда олар қолдау шараларынан тыс қалып отыр.

Вице-министр Тимур Сұлтанғазиев бұл ақпаратты теріске шығарып, 8,5 млн теңгені тек тар бейінді мамандар ғана алады деген талап жоқ екенін айтты.

«Әр өңірде қажетті мамандар тізімін мәслихат бекітеді. Егер мәслихат жалпы практикадағы дәрігерлерді сол тізімге енгізсе, олар да көтерме ақы алады. Өткен жылы 250-300 маман осындай қолдауға ие болды», — деді ол.

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов мәселенің шынында бар екенін айтып, жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар тізімді бекіткенде әділдік сақтауы керек екенін ескертті.

«Кей өңірлер қаражат үнемдеу үшін қажетті мамандарды толық қамтымайды. Сондықтан бұл норманы заң жобасына нақтылап енгізу керек», — деді ол.

Жиыннан кейін депутат Жарқынбек Амантайұлы Facebook парақшасында да пікір білдірді:

«Бір жоғары оқу орнын тәмамдаған екі дәрігердің бірі көтерме ақы алып, екіншісі алмай отыр. Бұл — алалаушылық. Не бәріне берілуі керек, не мүлде берілмеуі керек», — деп жазды ол.

Материал авторы