Екібастұзда түзету орталығындағы маман 5 жасар қыздың үстіне отырып алған (ВИДЕО)
Орталық «ол жақсы маман» деп ер адамды жұмыстан шығарудан бас тартқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұзда ерекше балаларға арналған жеке түзету орталықтағы сабақтан кейін 5 жасар қыз жарақат алып, қолына гипс салынды. Баланың ата-анасы полицияға арыз түсірді.
Қыздың әкесінің айтуынша, ол орталыққа қызын алып кетуге барған кезде кабинеттен баласының шырылдап жылаған дауысын естіген.
«Ата-аналарды ішке кіргізбейді. Бірақ қызымның айқайын естіп, есікті қақтым. Ашпай қойды. Бір кезде инструктор жылап тұрған қызымды жетектеп шықты. Қолын қозғалта алмай тұрды. “Өзі құлады” деді. Бірақ травмпунктте сүйегінен жарық табылып, гипс салды», – дейді ашынған әке.
Оқиғадан кейін ата-аналар орталықтан бейнебақылау жазбасын сұраған. Алайда жарты сағаттық сабақты тек 4 минутқа қысқартылған нұсқасын ғана көрсеткен.
Сонда да кадрларда инструктордың қызды қолынан сүйреп, еденге қарай тартып, жаттығуларды күштеп орындатқаны анық көрінеді. Кей сәттерде оның баланың қолына қатты қысым жасап, басын артқа итеріп, шапалақпен ұрған сәттері де бар.
«Жазбаның қалған бөлігі жоқ. Көрсеткен кадрлардың өзі қиылып, уақыты сәйкес келмейді. Инструктор баламды қолынан, аяғынан ұстап, жерге сүйреп, өзі телефон шұқылап отырған. Неғұрлым көрген сайын ішің өртенеді», – дейді ер адам.
Қыздың дамуы кешеуілдеген, сөйлей алмайды, сондықтан не болғанын айта алмай отыр.
«Біз инструкторды жұмыстан босатсын дедік. Бірақ орталық басшысы “жақсы маман” деп, оны қорғап шықты. Ал қызымның жарақаты туралы “жай ғана жырық, сынса бір басқа” деді. Бұл – қорлау», – дейді әке.
Қазір қыз үйде амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Ата-анасы оның психологиялық соққы алғанына алаңдайды.
«Бұрын бәрін қызығып істейтін. Қазір қорқақтап қалған, түнде айқайлап оянып, “қараңғы, ауырады, қорқынышты” дейді. Қайтадан тұйықталып барады», – дейді отбасы.
Павлодар облысының полиция департаменті бұл факт бойынша КҚ 140-бабының 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Қазір бейнежазбалар тәркіленіп, сараптама жүргізіліп жатыр.
Региондағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді:
«Қыздың анасына хабарластым, жағдайын білемін. Баланың қазір қосымша медициналық көмекке мұқтаждығы жоқ, бірақ психолог көмегі міндетті түрде көрсетіледі. Экибастұз қаласы әкімінің орынбасары да істі бақылап отыр», – деді ол.
Инструктордың әрекетіне қатысты түпкілікті шешімді тергеу анықтайды. Бірақ бір нәрсе анық: ерекше балаға күш көрсету — кәсіби емес, адамдыққа да жат қылық.
Материал авторы