Ақтауда газ баллоны жарылды: 5 адам зардап шекті, оның үшеуі – бала (ВИДЕО)
52 жастағы ер адам ауыр күйікпен жансақтау бөлімінде жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтаудағы «Әсия» тұрғын үй кешенінде газ жарылысы болып, 5 адам зардап шекті. Олардың үшеуі — бала.
"Оқиға 28 қазан күні таңғы сағат 09:03-те кешеннің жертөлесінде болған. Газ-ауа қоспасы жарылған", деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.
Жарылыстың салдарынан 52 жастағы ер адам ауыр күйік алып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның беті, мойны, кеудесі, қол-аяғы мен арқасы күйген (3-АБ дәрежелі, 50–55%), сондай-ақ көзінің қасаң қабығы зақымданған.
22 жастағы жігіттің беті күйіп, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емге жіберілді.
Зардап шеккендердің арасында 15, 10 және 7 жастағы балалар бар. Үшеуі де көмірқышқыл газымен уланған. 15 жастағы қыздың жағдайы — орташа ауыр, ол педиатриялық бөлімшеге жатқызылды. 10 жастағы қыздың анасы ауруханада қалудан бас тартқан, ал 7 жастағы ұл үйіне жіберілді.
Төтенше жағдай орнына құтқарушылар мен төрт техника дереу жеткен.
Материал авторы