Қысқы маусымға көлікті қалай дұрыс дайындау керек?
Көп жүргізуші білмейтін қысқы дайындықтың басты сырын біле жүріңіз.
Қыс қыр астында. Бұл мезгіл келгенде бәріміздің көкейімізде бір сұрақ тұрады — көлігіміз суық маусымға дайын ба? Күн жылыда темір тұлпар сыр білдірмейді, бірақ аяз түссе – әлсіз тұстар бірден байқалады. Қар, мұз, тайғақ, суық – бәрі де көлікке сынақ. Сол себепті қыс түспей қамданған жөн.
Қысқы дайындық дөңгелектен басталады
Бірінші кезекте қысқы дөңгелектерді ертерек орнатып алыңыз. Күтсеңіз, баға аспандап кетеді, ал сапалы шинаны табу қиындайды. Қысқы дөңгелек – қауіпсіздіктің алғашқы кепілі.
Кузовтағы сызат – болашақтағы тот
Жаз-күзде көзге ілінбейтін майда сызаттар қыста үлкен проблемаға айналады. Себебі ауа ылғалды, жол тұзды. Сызаттан тот жайылып кетпесін десеңіз, қазірден жөндеп қойыңыз. Егер толық бояуға мүмкіндік болмаса, ең болмағанда бояу сынамасымен жауып қойған дұрыс.
Антикоррозиялық өңдеу – темірдің сауыты
Қыста жолға тек тұз емес, құм да себіледі. Осыдан көліктің асты, есік асты, арка тұстары бүлініп кетеді. Оны болдырмаудың жолы – антикоррозиялық өңдеу. Бұл қарапайым, бірақ өте пайдалы алдын алу шарасы.
Алдыңғы әйнек пен жарық – көрінудің кепілі
Кішкентай сызаттың өзі аязда жарылып кетіп, үлкен жарыққа айналуы мүмкін. Ол көзді жаңылыстырады, жолдағы көріністі бұлыңғыр етеді. Уақтылы жөндетіңіз, болмаса жаңасын қойыңыз.
Ішкі жағынан да тазалауды ұмытпаңыз. Көліктің іші жылы болған сайын, пластиктен шыққан ұсақ бөлшектер әйнекке жиналып, түнде жарықты шашыратады. Әдеттегі дымқыл шүберек көмектеспейді — арнайы әйнек тазартқышпен сүртіңіз.
Пеш пен климат жүйесін тексеріңіз
Салонда жылу болмаса, демнен шыққан бу әйнекте мұз болып қатып қалады. Пеш пен желдеткіш дұрыс істемесе, жолда әуре боласыз. Алдын ала қосып, ауа ағынының жылы әрі біркелкі екенін тексеріңіз. Егер жылу әлсіз болса, салон фильтрін немесе жылыту кранын қаратыңыз.
Шам мен тежегіш – өмірге жауап
Қыстағы көрініс пен жол қауіпсіздігі тікелей фара мен тежегіштің жағдайына байланысты. Барлық шамды тексеріп, өшкенін ауыстырыңыз. Майды суыққа арналған түріне ауыстыруды да естен шығармаңыз.
Багажда болуға тиіс заттар
Суықта «не болса да дайын болу» – алтын ереже. Көлікте міндетті түрде мыналар болсын:
– сүйреу кабелі,
– апаттық тоқтау белгісі,
– күрек, балта,
– стартер сымы,
– қол шам,
– мұзға қарсы сұйықтық,
– жылы қолғап,
– аздаған азық-түлік пен жылы киім.
Ұялы телефоныңызды үнемі қуаттаулы ұстаңыз. Қайда бара жатқаныңызды жақындарыңызға хабарлаңыз.
Қыс – сынақ маусымы. Ал дайындық – қауіпсіздіктің кілті. «Сақтансаң – сақтаймын» деген бар. Қазір көлік айдамайтын адам сирек. Сондықтан әр жүргізуші өзіне ғана емес, өзгелерге де жауапты екенін ұмытпауы керек.
Аман жүріңіздер, көлік иелері. Қыстың күні тек темір емес, сабыр да сыр бермесін.
Серік Алдан