715

Кинодағыдай: Түрмедегі тұтқын АҚШ-тан Алматыға есірткі тасымалын ұйымдастырған

Қылмыскер түрмеде отырып-ақ есірткі бизнесін басқарып отырған.

Кинодағыдай: Түрмедегі тұтқын АҚШ-тан Алматыға есірткі тасымалын ұйымдастырған
Freepik

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда АҚШ-тан келген есірткі поштасын анықтау кезінде тұтқында отырған адамның басшылық еткені әшкереленді. Қалалық прокуратураның мәліметінше, арнайы прокурорлар ірі көлемдегі есірткі контрабандасыбойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.

Тергеу дерегіне сүйенсек, түрмеде жазасын өтеп жатқан азамат АҚШ-тан Алматыға марихуана мен каннабис экстракты салынған сәлемдемелерді жолдатып отырған. Арнайы операция кезінде «Жетісу» кеден бекетінде 25 пошталық жөнелтім тәркіленіп, оның жалпы салмағы 43 келі болған. Барлығы айғақ зат ретінде тіркелді.

Тергеу барысында есірткі тасымалына ұйымдастырушы, «қамқоршылар», дропперлер, курьерлер мен буып-түюшілер қатысқаны анықталды.
Барлығы 20 адам ұсталды, оның ішінде ҰҚК-нің екі және ҚАЖК-нің үш қызметкері бар. Олар қылмыстық топқа қамқорлық жасап, есірткі арнасының жұмысын қамтамасыз еткен деп күдіктеліп отыр.

Күдіктілерге есірткі контрабандасы, сату және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған табысты күдіктілер жылжымайтын мүлік пен көліктер сатып алу арқылы заңдастырған.
Сот санкциясымен 5 пәтерге, 3 ғимаратқа, 10 жер теліміне және 44 автокөлікке тыйым салынған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін есірткі саудасын қоғамдағы ең қауіпті бес қатердің бірі деп атаған.

Мемлекет басшысы өткен жылы елімізде 7,5 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелгенін, ал 41 тоннадан астам улы зат айналымнан алынғанын атап өткен. Ол есірткі өндірісі мен саудасына қатысты жаза түрлерін қатаңдату қажеттігін де баса айтқан.

Материал авторы