LRT шуылдап-дірілдеп, Астанадан тыныштық кетіп жүрмей ме?
CTS астаналықтарды толғандырған сұраққа жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін сынақтан өткізу жалғасуда. Жоспар бойынша пойыздар 2026 жылдан бастап тұрақты түрде қатынай бастайды. Ал қала тұрғындарын, әсіресе LRT бағытына жақын тұратындарды бір сұрақ мазалайды — жаңа пойыздар шу шығарып, тыныштықты бұзбай ма?
City Transportation Systems компаниясы бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
«LRT құрылысы кезінде DTVII2-1 атты инновациялық рельс бекіту жүйесі қолданылып жатыр. Ол шу мен дірілді айтарлықтай азайтады, тозуға төзімді және түрлі климаттық жағдайға бейімделген», – деп хабарлады CTS баспасөз қызметі.
Компания өкілдерінің айтуынша, жобада халықаралық стандарттар сақталған. Мысалы, GB 14892-2006 және GB 7928-2003 нормаларына сәйкес, пойыз ішіндегі рұқсат етілген шу деңгейі – 75 дБА, сыртқысы – 80 дБА-дан аспауы тиіс.
«LRT жобасы бұл көрсеткіштерден асып кетпейді», – деп сендірді CTS.
Бұдан бөлек, пойыздардың ішінде дыбыс сіңіретін заманауи материалдар мен екі-үш қабатты терезелерорнатылады. Бұл жолаушыларға жайлы орта жасап, сыртқы шудың енуін барынша азайтады.
Сонымен қатар, рельстер мен дөңгелектер тұрақты түрде тегістеліп, шлифовкадан өтіп отырады, бұл да шу деңгейін төмендетуге бағытталған шаралардың бірі.
«Жүйе іске қосылғаннан кейін жол мен пойыз бөліктері үнемі техникалық күтімнен өтеді. Бұл қозғалыс кезінде артық шудың пайда болуына жол бермейді», – деді City Transportation Systems өкілдері.
Материал авторы