Алматыда мас жасөспірімдер төбелескен түнгі клуб жабылады
Хэллоуин кешінде мас күйде ұсталған кәмелетке толмағандар оқиғасынан соң полиция клубтың жұмысын тоқтату туралы бастама көтерді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда атышулы ICON CLUB түнгі клубында өткен жасөспірімдерге арналған Хэллоуин кеші үлкен дауға ұласты. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін полиция бірден әрекетке көшіп, кәмелетке толмағандарға алкоголь берілгенін анықтады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, алты жасөспірім ұсталды, олардың екеуі мас күйінде болған. Барлығы ювеналдық полицияның профилактикалық есебіне алынды.
«Медициналық сараптама нәтижесі бойынша екі жасөспірімнің алкоголь ішкені дәлелденді. Олардың ата-аналарына балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін айыппұл салынды», — деп хабарлады полиция өкілдері.
ICON CLUB әкімшілігіне кәмелетке толмағандарды ересектерсіз кіргізгені үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар полиция мекеменің қызметін уақытша тоқтату және толық жабу туралы ұсынысты сотқа жолдады.
Полиция департаменті мұндай жағдайларға нөлдік төзімділік саясаты ұстанатынын ескертті:
«Кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген заң бұзушылық қатаң түрде тоқтатылады. Балалардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз», — делінген ресми мәлімдемеде.
Әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеоларда жасөспірімдердің жанында белгісіз “ақ ұнтақ” бар деген ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде растады.
Айта кетейік, бұған дейін сенаторлар түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарын лицензиялау талаптарын күшейтуді ұсынған еді. Олардың айтуынша, қазіргі таңда бұл салада қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау деңгейі төмен, ал иелеріне қолданылатын санкциялар жеткіліксіз.
Материал авторы