SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы ХҚКО қызметкері, жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшесі Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Тергеу нұсқасына сай, күдікті 2022–2023 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында маман болып істеп, көлік иелеріне алғашқы тіркеу алымын төлемей-ақ жүк көліктерін рәсімдеуге көмектескен.
«Қылмыстық топ құрамында ол деректер базасына жалған ақпарат енгізіп, төлем жасалғандай етіп көрсеткен. Нәтижесінде ел аумағында шетелден әкелінген 481 жүк көлігі заңсыз тіркеуден өтті. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 3,7 миллиард теңге,» – делінген прокуратура хабарламасында.
Қылмыс ашылғаннан кейін ер адам ізін суытып, Ресейге қашқан. Ол 2025 жылдың наурызында Мәскеу облысында ұсталып, қазақстандық құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр.
Қолданыстағы заң бойынша, мұндай әрекет үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
Айта кетсек, бұған дейін Шымкентте ХҚКО жүйесіне қатысты тағы бір ірі іс тергеуге алынған. Онда қызметкерлер ақшаға жүргізуші куәліктерін емтихансыз рәсімдеген. Тергеу мәліметінше, бұл қылмыстық схемадан 15 адам пайда көріп, заңсыз табыс көлемі 150 миллион теңгеден асқан.
RUS