615

Бюджеттен бөлінген ақша бақ емес, байлыққа айналған: Шымкентте экс-шенеунік қамауға алынды

Тергеу мәліметінше, лизинг алу бағдарламасы арқылы мемлекетке 430 млн теңге залал келген.

Бюджеттен бөлінген ақша бақ емес, байлыққа айналған: Шымкентте экс-шенеунік қамауға алынды
Atameken Business

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Омаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, алма бақтарын салуға арналған мемлекеттік қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол өзіне байланысты «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-нің басшысымен бірлесіп, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру арқылы бюджет қаражатын иемденген.

Бұл мақсатта күдіктілер достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеп, оларды бағдарлама қатысушысы ретінде көрсеткен. Алайда бұл тұлғалардың ешқайсысы іс жүзінде жобаларға қатыспаған.

Жалған құжаттар негізінде Қорға 1,4 млрд теңгеге лизинг алу жөнінде өтінім берілген. Байқау рәсімдері өткізілместен, жеткізуші ретінде тек «Green Mart Kazakhstan» таңдалған. Ал қаражаттың бір бөлігі түрлі есепшоттарға аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сонымен қатар, жабдықтар қымбат бағамен жеткізіліп, кейбір жұмыстар мүлде орындалмаған. Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн теңгеден асқан.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» бұрынғы төрағасы екі айға қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Материал авторы