SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтардың несиесін банктердің мойнына жүктеуді ұсынды.
Оның айтуынша, соңғы уақытта азаматтардың атына жалған несиелер рәсімдеу мен банктік карталардан ақша ұрлау деректері күрт көбейген. Осыған байланысты Мәжілісте «Банк және банк қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр.
«Қазір алаяқтық жолмен несие рәсімделген жағдайда, полиция іс қозғап, адамды құрбан деп таниды. Банк уақытша қарызды өндіріп алуды тоқтатады, бірақ бұл тек уақытша шара. Ақырында борыш бәрібір адамның мойнында қала береді. Біз осы олқылықты түзетуді ұсынып отырмыз», — деді Ерболат Сатыбалдин.
Депутаттың пікірінше, несие рәсімдеу мен беру процесіне банк қызметкерлері тікелей қатысатындықтан, мұндай жағдайларда қаржы ұйымдарының өздері де жауапты болуы тиіс.
«Алаяқтық фактісі дәлелденсе, банк ішкі тексеріс жүргізуге міндетті болуы керек. Егер банк қызметкерінің қатысы анықталса, ол адам жауапқа тартылуы тиіс. Халықтың ақшасын ұстап отырған мекеме ретінде банк алаяқтық жолмен алынған несие үшін де жауап беруі қажет», — деп түйіндеді халық қалаулысы.
RUS