Жаңаөзенде оқушы қыздардың төбелесіне байланысты сот шешім шығарды
Сот ананы баласын дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапқа тартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзенде оқушы қыздардың төбелесі видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тараған соң сотқа дейін жетті.
Бұл іс бойынша Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты шешім шығарды.
Оқиға 8 қазан күні кешкі 21:00 шамасында Жаңаөзен қаласының көшелерінің бірінде болған. Екі кәмелетке толмаған қыздың арасындағы жанжал төбелеске ұласқан. Бір оқушы жарақат алған.
Көп ұзамай төбелестің видеосы Instagram-да тарап, қоғам мен құқық қорғау органдарының назарын аударды.
Тергеу барысында анықталғандай, қыздардың бірінің анасы тәрбие жөніндегі міндетін тиісті деңгейде орындамаған.
Сот ол әйелді кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Әйел кінәсін мойындап, төбелеске өзге тараптың да себеп болғанын айтқанымен, бұл жағдай жазаны жеңілдетпеді.
Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Ведомство ата-аналарды балаларының мінез-құлқына жауапты екенін және мұндай жағдайлар жасөспірімдердің психологиялық жағдайына теріс әсер ететінін ескертті.
Материал авторы