1456

Айзаттың ісі: Жетісуда әйелін атпен сүйреп өлтірген ер адамның ісі сотқа жіберілді

Екі жасар қызының көзінше күйеуі азаптап өлтірген Айзаттың ісі бойынша тергеу аяқталған.

Айзаттың ісі: Жетісуда әйелін атпен сүйреп өлтірген ер адамның ісі сотқа жіберілді
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген Айбар Жанболаттың ісі бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық іс материалдары айыптау актісімен бірге прокуратураға жолданып, алдағы уақытта сотқа беріледі.

Күдікті сот үкімі шыққанша тергеу изоляторында қамауда болады. Бұл істің тергеу барысы облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында болған.

Қанды оқиға қалай болған

Қайғылы жағдай Ақсу ауданының Баласаз ауылында биыл 22 маусымда болған.

32 жастағы Айзат Жұманова бірнеше сағат бойы азапталып, ауыр жарақаттардан көз жұмған. Ең сорақысы – бұл жантүршігерлік жайт оның екі жасар қызының көз алдында болған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Айзаттың күйеуі арқанмен әйелін атты ерттеп, далада сүйреген. Медициналық сараптама қорытындысына сай, оның денесінен:

бас және ми жарақаттары,

бассүйек негізінің сынуы,

жамбас пен аяқ-қол сүйектерінің сынуы,

терісі сыпырылған іздер табылған.

Тіпті, «өлі денені жуып, қан іздерін жасыруға тырысқан» деген дерек бар.

Күдікті бастапқыда әйелі екінші қабаттан селфи жасап жатып құлап кетті деп түсіндірмек болған. Бірақ туыстары бұл сөзге сенбейді.

«Денесінде сау жер қалмаған. Біз оны өлген соң жуып, қан іздерін жасыруға тырысқанын бірден түсіндік», — дейді марқұмның әпкесі.

Қазір іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соғу») бойынша тергеліп жатыр.

Алайда туыстары бапты «ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» деп қайта саралауды талап етуде.

Қайғылы оқиғаға куә болған кішкентай қыз қазір ауыр психологиялық күйде. Жақындарының айтуынша, ол сөйлеспейді, қараңғылықтан қорқады және жиі «мамамды беріңдер» деп жылайды.

Белгілі болғандай, Айбар Жанболат бұған дейін Қапал ауылдық округі әкімдігіне сайлауға түспек болған.

Еске салайық, жазда бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Көпшілік әйелдердің қауіпсіздігі мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап етті.

Материал авторы