«Жоғары жалақы» деген қармақ: Қазақстандықтарды Азияға құлдыққа сатып жатыр
Жұмыс деп шығып, құлдық пен зорлыққа тап болғандар көбейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда интернет арқылы жұмысқа орналастыруды сылтау еткен алаяқтық күрт өсіп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура ресми түрде ескерту жасады.
Алаяқтар танымал сайттар мен әлеуметтік желілерге «жоғары айлық, ешқандай талап жоқ» деп жарнамалар орналастырады. Кандидат хабарласқан бойда жалған сайттарға сілтеме жібереді немесе жеке мәлімет толтыратын анкеталар жүктетеді. Тағы бір қулығы — «жұмысқа арналған қосымша» деген желеумен зиянды бағдарлама орнатқызу.
Осылайша қылмыскерлер адамның банк шотына, мессенджерлеріне, тіпті телефонының толық басқаруына қол жеткізеді.
Шетелде «жұмыс» ұсынамыз деп құлдыққа жегуде
Құзырлы орган әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде — Таиланд, Мьянма және өзге мемлекеттерде бар «вакансияларға» абай болуға шақырады.
«IT саласы, модельдік бизнес, қонақүй саласы» деген өтірік уәдемен азаматтарды шекара асырып, артынша еңбек немесе сексуалдық құлдыққа салу фактілері тіркелуде.
Кей жағдайларда адамдарды зорлық-зомбылыққа ұшыратып, алаяқтық схемаларға жегеді немесе тіпті органдарын алып кетуі мүмкін.
Қалай қорғанамыз?
Бас прокуратураның кеңесі:
• Жұмыс берушінің заңдылығын және сайттың нақты мекенжайын тексеріңіз;
• Виза, оқыту, құжат рәсімдеу үшін ақша аудармаңыз;
• Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз (Google Play, App Store);
• Ресми келісімшартқа дейін құжат көшірмесін, банк деректерін жібермеңіз;
• Делдал компаниялардың лицензиясын анықтаңыз;
• Күмән туса — дереу полицияға жүгініңіз.
Бұған қоса, шетелде жүрген жақындарыңыздың жағдайына назар аударыңыз. Егер ол видеобайланыстан қашса, қорқып сөйлесе, тұрған жерін көрсеткісі келмесе — қауіп белгісі.
«Видеоқоңырау кезінде адам бір сөзбен жауап берсе, көзі алақтап, айналасын көрсете алмаса — оны біреу бақылап тұруы мүмкін. Мұндайда уақыт жоғалтпай полицияға хабарлау қажет» — деп ескертті Бас прокуратура.
Материал авторы