SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 31 қазанда Алматы әкімдігінде ата-аналар мен белсенділер үшінші рет жиналды. Олардың талабы біреу: Бостандық ауданындағы жаңадан ашылған №224 мектеп тек қазақ тілінде білім беруі керек. Orda.kz тараптардың пікірін ашып жеткізді.
Бұл мектеп 2500 оқушыға арналған, қаладағы ең ірі және заманауи білім ошақтарының бірі. Алайда есігі ашылмай жатып-ақ, оқу тілі төңірегіндегі дау күшейген.
Кездесуге келген аналардың бірі қазақ сыныптарының жетіспеушілігі туралы бірнеше жыл бойғы мәселесін айтты. Ол сегіз жыл бұрын Ақсайдан Бостандық ауданына көшкен. Сол кезде ауданда небәрі бір ғана қазақ мектебі – №140 мектеп болған, бірақ олардың үйі сол мектептің шағын учаскесіне кірмепті. Кейін №94 мектепте екі қазақ сыныбы ашылғанымен, мерекелердің бәрі орыс тілінде өтетінін, тіпті Наурыз атап өтілмегенін жеткізді.
Ата-аналар жаңа №224 мектеп ашылады дегенде қатты қуанған. Бірақ көп ұзамай «мектеп аралас болуы мүмкін» деген әңгіме тараған. Сондықтан қазір ата-аналардың көбі балаларын бұл білім ошағына беруге асықпай отыр. Олар нақты кепілдік талап етеді: оқу тек қазақша болуы тиіс.
Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тапенұлы ресми түсініктеме берді. Айтуынша, 29 қазанда мектепке қабылдау басталған. 31 қазан сағат 13:00-ге дейін 1002 өтініш түскен: 779-ы қазақ сыныптарына, 223-і орыс сыныптарына. Бостандық ауданынан тіркелген 633 баланың 611-і қазақ сыныбына өтініш беріп, олар міндетті түрде қабылданады. Қазақ тілінде оқытатын 55 мұғалім жұмысқа алынған, тағы 12 педагог басқа мектептен ауысады. Ал орыс тіліндегі сыныптарға мұғалім табылмағандықтан, №224 мектеп екінші тоқсаннан бастап қазақ тілінде ғана жұмыс істейді.
Орыс сыныбына өтініш берген ата-аналарға «мұғалім мәселесі шешілмейінше қабылдай алмаймыз» деп түсіндіруде.
27 қазанда өткен кездесуде кей ата-аналар «мектепке шетелден келген балаларды қабылдап жатыр» деп алаңдаған еді. Бұған қатысты Сайран Тапенұлы бұл ақпаратты жоққа шығарды: мектеп шетел азаматтарын қабылдауға құқылы емес, ондай талап болса, ол білім басқармасы арқылы қаралып, басқа мектепке жолданады. «Жайлы мектеп» жобасы оларға арналмаған.
Пікірталаста қоғам белсендісі, жазушы Марат Байділдаұлы бұл дауды жай ғана тіл мәселесі деп қарауға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, аралас мектеп – кеңестік кезеңнен қалған «қалдық», қазақтарды орыстандырудың жалғасуы.
«Тәуелсіз елде неге сол жүйенің салдарын арқалап жүруіміз керек? Мектеп не толық қазақша, не толық орысша болуы тиіс», – деді ол.
Жиыннан кейін көптеген ата-ана әкімдік өкілдерінің сөзіне сенбейтінін айтты.
«Әдеттегідей жұбатып, сабырға шақырумен шектелді. Бұған дейін де сондай уәделер орындалмай, арада біраз уақыт өткен соң мектеп аралас форматқа ауысып кеткен жағдайларды білеміз», – дейді олар.
RUS