8047

«Мен ол мектепке енді бармаймын»: Ақтөбе облысында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан

Балаға шұғыл ота жасалған.

«Мен ол мектепке енді бармаймын»: Ақтөбе облысында жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан
Mikhail Nilov / Pexels

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарши ауылында 13 жастағы оқушыны қатарластары жабылып ұрып, ауыр жарақаттағаны белгілі болды. Салдарынан жасөспірім облыстық балалар ауруханасында шұғыл отаға түсті.

Жәбірленушінің анасы Гаухар Мұқанованың айтуынша, шабуыл үзіліс кезінде болған. Төрт оқушы ұлын әжетхана маңында қоршап алып, аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан оның жыныс мүшелері қатты зақымданған.

«Ұлым: «Анашым, ертең мектепке бара алмаймын, ол жерге қайтып бармаймын» дейді. Неге менің баламды бұлайша қорлады? Ана ретінде мен баламның толық емделуін талап етемін», – деді ол.

Дәрігерлер баланың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Отбасы мұны мектептегі ұзаққа созылған буллингтің салдары деп есептейді.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысқан оқушылардың жасы 12–13-те. Сондықтан олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

«Балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар жиналған материалдар аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Мектепте тексеріс жүріп жатыр. Ұстаздар оқушыларға бақылауды күшейтеміз деп сендірді. Алайда жәбірленушінің ата-анасы кінәлілердің жазасыз қалмауын талап етеді.

Материал авторы