1044

Луврдағы ұрлық жасағандар «кәсіби банда» емес, қарапайым ұрылар

Ұрылар 7 минутта тонағанымен, өздерін ұстап беретін айғақтарды қалдырып кеткен көрінеді.

Луврдағы ұрлық жасағандар «кәсіби банда» емес, қарапайым ұрылар
Florian David / Zuma / Global Look Press

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Париж прокуроры Лор Бекконың айтуынша, Луврдағы зергерлік бұйымдарды ұрлауға талпынғандар — тәжірибесіз, әлеуметтік жағдайы төмен аудандардан шыққан ұсақ қылмыскерлер.

Оның сөзінше, ұсталғандар бұған дейін тек қалтаға түсіп жүргені үшін жауапқа тартылған. Оқиға кезіндегі әрекеттері де нағыз дилетант екендерін көрсетті: жоспар жоқ, ұйымдасқан топқа тән із жоқ, ал қателік көп.

Қарақшылардың шебер еместігінің басты дәлелі — олар қашып бара жатып ең құнды жәдігерді… өздері-ақ тастап кеткен. Қолдарынан сусып кеткен Евгения патшайымның алтыннан, асыл тастардан жасалған тәжін жерге қалдырып, қаша жөнелген. 

Сонымен қатар олар мұражай ішінде өздері пайдаланған құралдарды қалдырып кеткен — демек, ДНҚ «сыйлық» болып қалғаны анық.

Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынған. Бірақ ұрланған зергерлік бұйымдар әлі табылған жоқ. Қылмыскерлердің біліксіздігіне қарамастан, ең бастысы — ол қазыналар қайда екені жұмбақ күйінде.

Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл іске жеке назар аударып, ұрланған бұйымдар міндетті түрде қайтарылатынын айтты.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор