SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Кәрім Мәсімовтен тәркіленген элиталы заттарды сату қайтадан нәтижесіз аяқталды.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы электронды аукционға жалпы құны 520 миллион теңгеден асатын 42 сәнді бұйым ұсынғанымен, тек бір лотқа ғана сатып алушы табылды.
Сатылған жалғыз зат – Кәрім Мәсімовтің үйінен тәркіленген самурай қылышы. Болаттан жасалған, сабында өрнекті бедері бар бұл қару 542,7 мың теңгеге өтті.
Ал қалған құнды бұйымдар – жоғары деңгейлі сағаттар, зергерлік әшекейлер мен аксессуарлар – тағы да сұраныс таппады. Олардың арасында әлемдік брендтердің қымбат сағаттары мен зергерлік үйлердің бұйымдары бар.
Бұған дейін де Кәрім Мәсімовтің мүлкі бірнеше рет сатылымға қойылған. Өткен айда жеті зат аукцион арқылы 3,5 миллион теңгеге сатылды. Ең қымбат лот – сүйек қондырмасы бар сабля, ол 930 мың теңгеге өткен.
Айта кетейік, Астана қаласындағы Кәрім Мәсімовтің 2,9 мың шаршы метрлік зәулім үйінен қазынаға қару-жарақ, антиквариат, алтын құймалар, өнер туындылары, қымбат сағаттар мен ірі көлемде қолма-қол ақша түсті. Үйде бассейн, сауна, караоке, диско-аймақ және сахна болған. Жер телімінде бизнес-класс санатындағы 11 автомобиль тұрған. Жылжымайтын мүлік 1,5 миллиард теңгеге бағаланған.
Кәрім Мәсімов 2022 жылы қаңтар оқиғаларынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынды. 2023 жылы 18 жылға сотталды. Кейін оған пара алу және ақшаны заңдастыру деректері бойынша жаңа іс қозғалды.
RUS