3366

«Maxi» шәйі қайта өңдеуге жарамсыз деген эколог дабыл қақты

Эколог Алагөзовке ескерту жасады.

«Maxi» шәйі қайта өңдеуге жарамсыз деген эколог дабыл қақты
facebook.com/evgenij.muhamedzanov.2025

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі эколог Евгений Мұхамеджанов «Maxi» шәйінің пластик шөлмектері қайта өңдеуге жарамсыз екенін жария етті. Оның айтуынша, дәл осы өнімнің қалың этикеткасы өңдеу желілерін бітеп, шөлмектер тікелей полигонға кетеді.

Эколог: «Алагөзов пен оның қызметкерлеріне берілген пәтерлерге әрине қуандым. Бірақ экологияға қарап көңіл жұбату қиын. Қазақстанда қайта өңдеушілер қабылдамайтын жалғыз пластик бөтелке – «Maxi» шәйінікі. Этикеткасы соншалық қалың, техниканы істен шығарады» – деді.

Мұхамеджановтың айтуынша, олардың тобы этикеткаларды өздері қолдан сылып, содан кейін ғана қайта өңдеуге жіберуге мәжбүр.

Сонымен қатар ол компаниядағы өндіріс технологиясына күмән келтірді:

«Бұрынғы технологтардың бірі сусын 100 градус температурада құйылатынын жазған. Сол себепті жапсырма қатты шығады. Ал ең мықты пластик контейнерлердің өзі 86 градустан жоғары сұйықтықты құюға арналмағанын бәрі біледі. Бұл тұтас бір көңіл құлазытатын жағдай», – деді эколог.

Ол өз парақшасында этикетканы канцелярлық пышақпен қиып барып ғана арнайы контейнерлерге тастаудың қалай жүретінін көрсетті.

Ал бұл уақытта «Maxi» шәйі, Garden және Happy брендтерін өндіретін Galanz Bottlers компаниясы 2024 жылы небәрі 17,3 млрд теңге таза табыс тапқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 55,1% өсім. Компанияны бақылаушы Тұрсынғали Алагузовтың байлығы Forbes мәліметінше 130 млн доллар. Ол еліміздегі ең бай 100 адамның қатарында.

Бұған дейін Алагөзов өз қызметкерлеріне Алматыдан 100 пәтер сыйлағаны елді таңғалдырған еді.

Материал авторы