SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақтың белгілі әзілкеші Тұрсынбек Қабатов Жаркенттегі гастрольдік сапарынан бейнежазбалар бөлісті.
Концертте көрермендер әзілге күлкімен жауап беріп, орнынан тұрып шапалақ ұрып, оның есімін хормен айқайлап жатты. Кейбір жанкүйерлер сахнаға гүл мен естелік сыйлықтар алып шығып, комикке алғыстарын білдірді.
Әртістің айтуынша, Жаркентте қатарынан екі концерт өткен, екі кешке де билеттер толық сатылып кеткен.
Кадрлардан көрерменнің жылы қабылдауы анық байқалады: көпшілігі ұялы телефондарына түсіріп, қолдау сөздерін айтып, комикке құрметін білдірген. Қатты қол шапалақтан кейін Қабатов көрерменге алғысын жеткізді.
Осылайша, желідегі дау мен сынның ортасында жүргеніне қарамастан, Тұрсынбек Қабатов тірі сахнада көрерменінен айқын қолдау тауып отыр.
Еске салайық, оның концерттері бұрынғы жары Мөлдір Мұқанованың ашық сұхбатынан кейінгі қызу талқылаулар аясында өтіп жатыр. Сұхбатта Мұқанова 14 жыл бойы болған опасыздықтар мен психологиялық қысым, ауыр ажырасу туралы айтты. 2 қарашада сұхбат жарияланған соң, қазақстандық интернет кеңістігі дүр сілкінді: мыңдаған адам Мөлдірге қолдау білдіріп, Қабатовты сынға алды. Әлеуметтік желілерде хейтерлер толқыны күшейіп, кей жазбаларында әзілкеш пікір қалдыру мүмкіндігін шектеген. Ал ашық тұрған парақшаларында жұрт әлі де өкпе мен наразылығын жеткізіп жатыр.
RUS