SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды тұрғыны 16 жастағы ұлының өліміне байланысты үш медициналық мекемені сотқа беріп, жеңіп шықты. Сот оларды тиісті медициналық көмек көрсетпеу арқылы жасөспірімнің өміріне қиянат жасаған деп таныды.
2023 жылдың наурызында жасөспірім жоғары қызумен және ауыр халде балалар ауруханасына жеткізілген. Соған қарамастан, оны тәулік бойғы бақылауға емес, күндізгі стационарға жіберген. Қан талдауы толық жүргізілмей, бірден антибактериялық ем тағайындалған. Медициналық құжаттарды рәсімдеу барысында да өрескел қателіктер анықталды.
Бала жағдайы нашарлағанда ғана ауруханаға жатқызылған. Алайда мамандар консилиум шақыруды, республикалық орталықтармен кеңесуді және профильдік мекемеге дер кезінде жіберуді кешіктірген. Қан талдауындағы өзгерістерге дұрыс баға берілмегендіктен, онкогематологиялық ауруға күдік бар пациент уақытында мамандандырылған көмекке жете алмаған.
Алғашқы қабылдаудан бір ай өткен соң жасөспірім республикалық клиникада көз жұмуға мәжбүр болды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексерулер барысында салғырттық фактілерін растады. Сот анасын моральдық зиян үшін өтемақы талап етуге толық құқылы деп шешіп, үш емханадан 5 млн теңге өндіріп беруді міндеттеді.
Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
RUS