Енді бала сабақта телефон пайдаланғаны үшін ата-ана жауап береді
Баласының телефоны үшін ата-ана 5 АЕК айыппұл төлейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мектептерінде сабақ кезінде смартфон қолдануға тыйым салатын норма ресми күшіне енді. Бұл талаптың орындалуына енді оқушы емес, тікелей ата-аналар жауапты. Бұл туралы Сенат дәлізінде Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мәлімдеді.
Заңда оқу процесі барысында ұялы телефон ұстауға рұқсат етілмейтіні анық жазылған. Егер оқушы сабақ үстінде смартфон пайдаланса, ата-анасына алдымен ресми ескерту беріледі. Қайталап бұзған жағдайда – 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады.
Мелдебекованың айтуынша, мектептер құқық бұзушылықты тіркеп, материалды уәкілетті органдарға жіберуге құқылы. Қазірге дейін мұндай хаттамалар түспегенімен, бақылау тетігі толық іске қосылған.
Министрлік бұл шараның мақсаты – оқу сапасына кедергі келтіретін факторларды азайту және балалардың сабаққа зейінін арттыру екенін айтады.
Материал авторы