3024

Ақмола облысында психикалық ауытқуы бар науқас терезеден құлап, қаза болды

Дәрігерлер 20 минуттан кейін тапқанымен, құтқара алмады.

Ақмола облысында психикалық ауытқуы бар науқас терезеден құлап, қаза болды
Depositphotos.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртаудан келген 52 жастағы ер адам Ақмола облысындағы аудандық ауруханада көз жұмды. Ол терапия бөлімі орналасқан үшінші қабаттағы палатада терезені сындырып, сыртқа секірген.

Оқиға 5 қарашада болды. Науқас санаулы минут ішінде аурухана ауласынан табылып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер толық көмек көрсеткенімен, көпжарақаттан тілге келмей жан тапсырды.

Медициналық мекеме оның психикалық және мінездік ауытқуы бойынша диспансерлік есепте тұрғанын растады. Бұған дейін ол Қарағанды – Қостанай бағытындағы пойыздан түсіріліп, жедел түрде ауруханаға әкелінген.

Науқасқа уақытша ми қанайналымы бұзылуы диагнозы қойылған. Мұндай жағдайда әлсіздік, сөйлеу мен көрудің күрт бұзылуы, тепе-теңдік жоғалуы байқалады және бұл инсульттің қауіпті белгісі саналады.

Оқиға төтенше жағдай ретінде тіркелді. Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Ауруханада да ішкі қызметтік тексеріс басталды.

Материал авторы