SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Beeline Қазақстан Starlink Direct to Cell технологиясын ел аумағында енгізеді.
Жоба арқылы жерүсті желілері қолжетімсіз өңірлерге де тұрақты байланыс пен интернет жеткізу көзделген. Коммерциялық келісім қыркүйекте жасалды. 2026 жылы алдымен мәтіндік хабарламалар қызметі іске қосылады, кейін мобильді интернет қосылмақ.
Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапары кезінде өткен үшжақты кездесуде Beeline мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі спутниктік байланысты енгізу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Компания бұған дейін тұрғындар саны жүзге жетпейтін ауылдарға дейін байланыс орнатып, автономды станцияларды күн қуатымен жабдықтап келген. Жаңа жоба сол бағытты кеңейтпек.
Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, спутниктік байланыс төтенше жағдайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Ал Beeline басшысы Евгений Настрадин орбиталық желі мен жерүсті инфрақұрылымды біріктіру шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым тапшылығын тиімді шешетінін атап өтті.
VEON тобы Украинада ұқсас технологияны сынап көрген. Сол тәжірибеден кейін Қазақстанда да іске қосу туралы шешім қабылданып отыр. Қызмет стандартты реттеуші талаптарды сақтай отырып кезең-кезеңімен енгізіледі.
RUS