Қазақстан Алатау қаласы үшін әуе таксилерін сатып алды
Құны 300 миллион долларды құрайтын жоба үшін АҚШ пен Қазақстан келісімге келді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Алатау қаласына әуе такси қызметін енгізу үшін электрлі тік ұшып-қонатын ұшақтар сатып алмақ. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero компаниясы, Alatau Advance Air Group және инвестор Вячеслав Ким өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Жобаның құны шамамен 300 миллион доллар.
Бұл eVTOL ұшақтары еліміздегі қалалық әуе мобильділігін дамытудың алғашқы қадамы болады. Жоспарда сынақ аймағын құру, сертификаттау рәсімдерін жүргізу және әуе таксиді Алатау мен Алматы қалаларының көлік жүйесіне қосу бар.
Министрдің айтуынша, бұл бастама Қазақстанның инновациялық көлікті енгізу жөніндегі стратегиялық бағытын бекіте түседі және Алатаудың технологиялық қала ретіндегі әлеуетін күшейтеді.
Joby Aero – әлемдік деңгейде сертификатталған электрлі әуе таксилерін әзірлейтін жетекші ойыншы. Ал Вячеслав Ким – Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы әрі «Алатау қаласы» жобасының негізгі инвесторы. Alatau Advance Air Group осы технологияларды елімізде іске асыратын оператор ретінде белгіленді.
Материал авторы