Талғар әкіміне жолдарды тазаламағаны үшін айыппұл салынды
Талғарда шенеуніктер жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Талғар қаласында жолдарды қар мен мұздан дер кезінде тазаламағаны үшін әкім Арыстанбек Әбілқайырұлы мен оның орынбасары әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, тұрғындардан түскен шағымдар негізінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қала аумағындағы көше-жол желісіне тексеріс жүргізілген.
Тексеру барысында жолдардың қысқы күтімі талапқа сай орындалмағаны, мұздың уақтылы тазаланбауы көлік қозғалысына тікелей қауіп төндіргені анықталды.
Тексеру нәтижесі бойынша Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасарына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, қыс мезгілінде жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мердігер ұйымдар да келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Полиция департаменті қабылданған шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және осындай жағдайлардың қайталанбауына бағытталғанын атап өтті.
«Қысқы жол күтіміне бақылау күшейтіледі», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылы өткен сайлау қорытындысы бойынша Талғар қаласының әкімі болып Арыстанбек Әбілқайырұлы сайланған еді. Соңғы уақытта ол әлеуметтік желіде тұрғындардың өтініштеріне тікелей жауап беру тәсілімен танылған.
Материал авторы