1107

Балалар үйіндегі өрттен кейін 35 бала санаторийге орналастырылды

Балалар жылы киіммен және тамақпен қамтамасыз етілді.

Балалар үйіндегі өрттен кейін 35 бала санаторийге орналастырылды
Алматы әкімдігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Наурызбай ауданындағы «Перзент» балалар үйінде болған өрттен кейін барлық 35 бала уақытша сауықтыру санаторийіне көшірілді. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді.

Балалар жылы киіммен, ыстық тамақпен, жеке гигиена құралдарымен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар оларға тәттілер таратылды.

Оқиға орнында Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, Наурызбай аудандық қорғаншылық органдары, сондай-ақ отбасы мен балаларды қолдау орталықтарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Өрт 9 қараша күні Алтын Орда көшесіндегі ғимаратта шыққан. Тілсіз жауды сөндіру барысында ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері мен шатырдың бір бөлігі құлағаны қиындық туғызды. Жалын толықтай сөндірілді.

Өрттің аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құраған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Материал авторы