4418

Ірі концерттерден қазынаға 1,5 млрд теңге түсті – Қаржы министрлігі

Министрлік Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys тобының арқасында мемлекет қазынасына қанша қаржы түскенін жеткізді.

Ірі концерттерден қазынаға 1,5 млрд теңге түсті – Қаржы министрлігі
jlo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚР Қаржы министрлігі биыл шілде-қыркүйек айларында өткен ірі музыкалық шаралардан түскен салық түсімдерінің алдын ала қорытындысын жариялады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық әкімшілендіру департаменті директорының міндетін атқарушы Бектас Әділғалиевтің мәліметінше, бес ірі концерт пен фестивальден түскен жалпы салық көлемі, мердігер ұйымдарды қоса есептегенде, шамамен 1,5 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 738,6 млн теңге нақты төленген.

Шілде айында елордада өткен Alem Fest фестиваліне 22 мың көрермен қатысып, шетелдік ұйымдастырушы үшін корпоративтік табыс салығы түрінде 22 млн теңге бюджетке түскен.

Тамызда Дженнифер Лопестің екі концерті өтті: Алматыда 26 мың, Астанада 27 мың көрермен жиналған. Бұл шаралардан ел қазынасына 500,1 млн теңге салық түскен — оның ішінде 249,4 млн теңге Астана концертінен, 250,7 млн теңге Алматы концертінен.

Қыркүйекте Backstreet Boys тобы екі қалада – Алматы мен Астанада өнер көрсетті. Бұл концерттерден 216,5 млн теңге корпоративтік табыс салығы түскені хабарланды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, мұндай ірі мәдени іс-шаралар ел экономикасына қосымша кіріс әкеліп, мәдени туризмнің дамуына серпін беріп отыр.

Материал авторы