SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Аружан Айбекова Өзбекстан астанасындағы метро оқиғасынан кейін видео жариялап, өз әрекетінің себебін түсіндірді.
Бұған дейін шетелдік ақпарат құралдары Айбекованың метро ішінде жолаушылармен әдепсіз қарым-қатынас орнатып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктегенін хабарлаған болатын. Осы әрекетіне байланысты Алматыда оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Айбекова бұған дейін де шетелде түсірген бейнероликтерімен жұрт назарын аударған. Биыл жазда Қытайда түсірген видеосында ол бейтаныс адамдарды ұрлық жасады деп айыптап, олардың реакциясын таспаға түсірген. Бұл жағдай да қоғамда сынға ұшыраған еді
Жаңа видеода блогер көзіне жас алып, анасының дауысын тыңдайды. Анасы қызынан бұл іспен айналысуды тоқтатуды сұрап:
«Енді адамдардың бетіне қалай қарайсың? Бұл жол сен үшін емес», – деген.
Айбекова өз жауабында:
«Мен ешкімге жамандық ойлаған жоқпын. Бар мақсатым – адамдардың жүзінен күлкі көру, оларды қуантқым келді. Менің ниетім таза еді», – деді.
Әлеуметтік желі қолданушылары блогердің түсініктемесіне түрлі пікір білдірді. Бір бөлігі оның әрекетін шектен шыққан шоуға балап, сын айтты.
«Қуантудың басқа да жолы бар. Қарттарға, мұқтаж жандарға көмектесіп, соларды көрсетсең әлдеқайда пайдалы болар еді», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Ал енді бір бөлігі Айбекованы қолдап, оның ниеті мен ашықтығын бағалады:
«Қателік әркімде болады. Ең бастысы – сабақ алу. Талант бар, тек дұрыс бағыт керек», – деген пікірлер де айтылды.
Қазір блогердің әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
RUS