SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының тұрғын үй нарығында баға тағы да шарықтады. Тек қазан айының өзінде жаңа салынған үйлердің құны 2,9 пайызға артқан. Бұл — көктемнен бері тіркелген ең жоғары өсім.
Бірінші несие бюросының дерегінше, мұндай серпіліс соңғы он жылда небәрі жеті рет болған. Бірнеше ай бойғы тұрақсыз кезеңнен кейінгі бұл өсім сарапшыларды да таңғалдырды.
Екінші нарықтағы баға да көтерілді — пәтерлер 2,1 пайызға, ал жалдау ақысы 1,7 пайызға өскен. Бұл соңғы екі жылдағы орташа деңгейден жоғары көрсеткіш.
Астанада керісінше, нарық айтарлықтай тұрақталған. Қаладағы жаңа және қолданыстағы тұрғын үйлердің бағасы өзгеріссіз қалды. Тек жалға алу құны 0,5 пайызға аздап өскен.
Еліміз бойынша қазан айында екінші нарықтағы орташа баға 404,2 мың теңге шамасында сақталды. Дегенмен кейбір өңірлерде төмендеу байқалды: Ақтауда – 2,4%, Астанада – 1,2%, Шымкентте – 1%. Ал Алматыда екінші нарықтағы шаршы метр құны 767 920 теңгеге жетіп, ел бойынша ең қымбат болып қалды.
Қыркүйекте керісінше, 18 қаланың 13-інде баға өскен еді. Сол кезде Алматыда 1,4 пайыздық төмендеу тіркелген, бірақ бұл тек тамыз айындағы секірістен кейінгі уақытша түзету ретінде түсіндірілді. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде пәтерлердің бағасы шамамен 10 пайызға қымбаттаған. Ең жоғары өсім Ақтауда (+22%), Шымкентте (+13,5%) және Астанада (+12,9%) тіркелді.
Сарапшылар жыл соңына дейін тұрғын үйдің одан әрі қымбаттайтынын ескертеді. 2025 жылдың басынан бері жаңа үйлердің бағасы 11,4 пайызға, ал екінші нарықтағы баспаналар 9,2 пайызға көтерілген. Мамандар мұны бірқатар факторлармен байланыстырады: маусымдық сұраныстың артуы, теңгенің әлсіреуі, инфляция, үлестік құрылысты қатаңдату және 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының өсуі.
Сарапшылардың болжамынша, жыл соңындағы негізгі өсім жаңа үйлер нарығына тиесілі болмақ.
RUS