Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырып жатыр – Ресей СІМ
Үндістан америкалық қысымға қарамастан мұнай сатып алуды тоқтатпаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко Үндістан Ресей мұнайын импорттауды тоқтатпағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтты.
Руденко АҚШ тарапынан қысым артқанына байланысты Ресейдің мұнай бағасына қосымша жеңілдік берілгені туралы ақпараттан хабарсыз екенін жеткізді.
Бұған дейін Reuters агенттігі қазан айының соңында Үндістан мен АҚШ арасындағы келіссөздерден кейін үнді мұнай өңдеу зауыттары Ресей мұнайын сатып алуды 50 пайызға қысқартқанын хабарлаған. Сол айда үнділік компаниялар алғаш рет америкалық ExxonMobil компаниясынан Гайана мұнайының төрт миллион баррелін сатып алған.
Дегенмен дәл сол кезеңде Indian Oil Corporation бірден бес партия ресейлік шикі мұнай алған.
АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди «Ресей мұнайын сатып алуды іс жүзінде тоқтатты». Алайда ресми Мәскеу бұл мәліметті теріске шығарып отыр.
Материал авторы