503

Қайғы жұтқан аналардың үндеуі: Тоқаев Бас прокурорға нақты тапсырма берді

Мемлекет басшысы арыз-шағымды 12 күн ішінде қарауды талап етті.

Қайғы жұтқан аналардың үндеуі: Тоқаев Бас прокурорға нақты тапсырма берді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға бейбіт уақытта әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды он екі күн ішінде қарауды тапсырды. Президент істі тергеу кезінде заң талаптарының толық сақталуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Бұған дейін Астанада қаза тапқан сарбаздардың аналары Қорғаныс министрлігінен жауап ала алмаған соң наразылыққа шыққан еді. Олар балаларының өліміне қатысты істердің жабулы күйінде қалып, кінәлілердің жазаланбай отырғанына наразы. Әйелдер әскери жүйеде түбегейлі реформа жүргізуді талап етті.

Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың мәліметінше, аналарды сол күні Қорғаныс министрі немесе оның өкілі қабылдауы тиіс болған. Алайда оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жиынның заңсыз екенін айтып, азаматтарға тарау жөнінде ескерту жасаған.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан аналардың «балаларымыздың өлімі әділ тергелсін» деген талап қойғаны анық көрінеді. Олардың айтуынша, соңғы жылдары әскерде болған өлім оқиғалары ашылмай, жауапты тұлғалар жазадан құтылып келеді.

Материал авторы