SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетаудағы Застанция шағынауданында 15 жастағы қыз балаға қаңғыбас иттер шабуыл жасады. Куәгерлердің айтуынша, жеткіншекті бес-алты ірі ит қоршап алған. Қыз бала өзін сабырлы ұстап, айқайламауға тырысқанымен, бір ит үстінен секіріп, тістеп алған.
Жарақат алған қыз туа біткен жүрек ақауымен ауырады. Дәрігерлер оның жағдайына тұрақты бақылау қажет екенін айтады. Қазір ол күн сайын емханаға барып, ем-дом қабылдап жүр. Емдеу курсы желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады.
Оқиғаға байланысты шағынаудан тұрғындары Көкшетау әкімі Ануар Құмпекеевтің атына ұжымдық арыз жолдаған.
«Біз, ересектердің өзі, балаларымызды қорғай алмай дәрменсіз күйге түстік», – делінген тұрғындардың шағымында.
Көкшетаулықтар бұған дейін де қаңғыбас иттер мен еркін жүрген үй иттеріне қатысты мәселені бірнеше рет көтергенін айтады. Бірақ жауапты мекемелер тарапынан нақты шара көрілмеген.
Ақмола облыстық полиция департаменті оқиға фактісін растады. Қазір материал қалалық ветеринария басқармасына жіберілді.
RUS