Америкалық мұнай алыбы Қазақстандағы жобаларға басымдық бермек
Теңіз жобасы тұрақты табыс кезеңіне өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Америкалық мұнай алыбы Chevron 13 қарашада Нью-Йоркте өтетін инвесторлар күнінде өзінің даму стратегиясын таныстырмақ. Бұл жиын компанияның Hess корпорациясын 55 миллиард долларға сатып алу мәмілесін аяқтағаннан кейінгі алғашқы ірі шара болмақ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, инвесторлар компания басшысы Майк Уирттен Қазақстандағы Теңіз жобасы жөнінде жаңа мәлімет күтуде.
Басылым дерегінше, Теңіз кен орнын кеңейту жобасы толық іске қосылып, енді тұрақты қаржы ағыны кезеңіне өтті. Бұл Chevron компаниясының капиталына түсетін қысымды азайтып, жаңа кен орындарын барлауға және өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Chevron мен Қазақстан арасындағы келісімшарт 2033 жылы аяқталады. Қазір тараптар оның мерзімін ұзарту бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Майк Уирттің айтуынша, келіссөздер сәтті басталғанымен, әлі бастапқы кезеңде тұр.
«Бұл ұзақ уақытты қажет етеді. Келісімшарттың құрылымы күрделі», – деді ол.
Chevron Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция құйып отырған ең ірі шетелдік компаниялардың бірі саналады. Теңіз және Қарашығанақ жобалары елдегі мұнай өндірудің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Сарапшылардың пікірінше, Теңіз кеңею жобасының аяқталуы компания үшін де, Қазақстан үшін де жаңа экономикалық кезеңнің бастауы болмақ.
Компанияның алдағы жылдарға арналған жоспары мен қаржы стратегиясы инвесторлар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Chevron басшылығы Қазақстандағы операциялық шығындарды оңтайландырумен қатар, көмірсутек өндірісін экологиялық тұрғыда тиімді етуге де назар аударатынын мәлімдеді.
Материал авторы