SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық теннисші Елена Рыбакина өзінің бұрынғы даулы бапкері Стефано Вуковпен қайта жұмыс істеу туралы шешімімен спорт қауымдастығын таңғалдырды. Бұған дейін Вуков Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) тарапынан этика кодексін бұзғаны үшін жазаланған болатын.
WTA маусымдық финалында жеңіске жеткеннен кейін өткен марапаттау рәсімінде Рыбакина ұйымның бас директоры Порша Арчермен бірге суретке түсуге келіспеді. Көпшілік бұл әрекетті WTA-ның Вуковқа қатысты ұстанымына наразылық деп бағалады.
Defector басылымының журналисі Джири Нейтанның айтуынша, Рыбакина қазір спорттағы ең дарынды теннисшілердің бірі болғанымен, оның таңдауына қоғам екіұшты қарайды. «26 жасында ол өз бапкерін өзі таңдауға құқылы, бірақ ол өзіне дөрекілік танытқан адаммен жұмысын жалғастырып отыр», – деп жазды журналист.
Автордың пайымынша, Рыбакина кәсіби жетістіктерге қарамастан, теннис әлеміндегі этикалық талаптарға немқұрайлы қарайтын спортшы ретінде көрініп отыр.
«WTA турының басты жарысында жеңімпаз атанған спортшының бапкері оған қатыгездік көрсеткені үшін айыпталған. Бұл жағдай ұйым беделіне де, әйел спортындағы құндылықтарға да көлеңке түсірді», – делінген мақалада.
Мақалада WTA-ның Рыбакина мен Вуковқа қатысты шешімдері әйелдер спортының беделін қорғауға бағытталғаны айтылған. Алайда теннисшінің жеке таңдауы бұл ұстанымдарға қайшы келіп, спорттағы этикалық жауапкершілік пен кәсіби еркіндік арасындағы тартысты қайта қозғады.
RUS