Ұшу – 50 миллион теңге: Министрлік Ербаян Мұхтарды қайта шетелге жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр
Әскерден мүгедек боп оралған Ербаян Мұхтар Түркиядан елге келді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов әскери борышын өтеп жүріп ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, Мұхтар жақында Түркиядағы клиникадан елге оралған және әзірге үйінде.
«Науқас ауыр жарақат алған, оңалту мүмкіндігі шектеулі. Бұл көрсеткішті мамандар қайта қарап, бағалайды», – деді Мұратов.
Вице-министр шетелден санитарлық авиация арқылы тасымалдау мемлекетке шамамен 50-60 миллион теңгеге түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жолы да Денсаулық сақтау министрлігі ем мен сапар шығынының бір бөлігін өтеген.
«Біз азаматтарымыздың денсаулығы үшін қажет болса, қандай да бір шығыннан қашпаймыз. Мұнда мәселе қаржыда емес, адам өмірінде», – деді ол.
Еске сала кетсек, Ербаян Мұхтар былтыр әскерге шақырылып, бірнеше айдан кейін ауыр халде ауруханаға түскен. Ол біраз уақыт комада болып, кейін Түркияда ем қабылдаған.
Биыл қыркүйекте ол екінші рет шетелге емге жіберілген еді. Қазір министрлік мамандары оның жағдайын қайта саралап, әрі қарайғы оңалту шаралары мен ем жалғасын шетелде алу мәселесін қарастырып жатыр.
Материал авторы