654

Астанада үстіне кондиционер құлаған фельдшердің жағдайы ауыр

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлдана Мырзуанның хәлі туралы мәлімдеме жасады.

Астанада үстіне кондиционер құлаған фельдшердің жағдайы ауыр
instagram.com/zeineladilet

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы апат кезінде зардап шеккен жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов хабарлады.

«Фельдшердің жағдайы өте ауыр, ол реанимацияда жатыр. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп, негізгі оперативтік шаралар жасалды», – деді Мұратов баспасөз мәслихатында.

Вице-министр фельдшердің әрекетін – апат болған жерде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шұғыл әрекет жасағанын – батырлық деп бағалады.

«Тағы бір науқас өте ауыр жағдайда, реанимацияда. Қалған үш науқастың өміріне қауіп жоқ, олар қажетті ем алып жатыр», – деп толықтырды министрлік өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қарашада Алматы ауданында, Тәуелсіздік даңғылында, тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционер блогы құлап, тұрғындар зардап шекті.

9 қарашада белгілі болғандай, екі науқас жан сақтау бөлімінде, ал қалған үш науқас профильдік бөлімдерде емделіп жатыр. Бес зардап шеккеннің екеуі фельдшер. Олар жұмыс міндеттерін орындау кезінде жарақат алды.

Материал авторы