503

Муаммар Каддафидің ұлы 10 жылдан кейін түрмеден босатылды

Ливия диктаторының ұлы бостандыққа шықты.

Муаммар Каддафидің ұлы 10 жылдан кейін түрмеден босатылды
AFP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Муаммар Каддафидің бесінші ұлы Ганнибал Каддафи Ливандағы түрмеден 10 жыл қамауда болған соң босатылды. Ол ешқандай сот шешімінсіз ұзақ жылдар бойы тергеу изоляторында отырған.

Ливанның ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ганнибал 893 мың доллар кепілмен босатылып, елден шығуға салынған тыйым да алынды.

Ливияның ұлттық бірлік үкіметі Ливан билігіне алғыс білдіріп, бұл шешім екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруге жол ашады деп мәлімдеді.

Ганнибал Каддафи 2015 жылы Сирияда қарулы топтар тарапынан ұрланып, кейін Ливан билігінің қолына түскен. Сол жылы ол 1978 жылы жоғалып кеткен шиит дінбасшысы Мұса ас-Садр ісіне қатысты «ақпаратты жасырды» деген айыппен қамауға алынған. Алайда ол кезде Ганнибал екі-ақ жаста болған.

2023 жылы ол әділетсіз қамауда отырғанына наразылық ретінде аштық жариялап, ауруханаға жеткізілген. Келесі жылы халықаралық құқық қорғау ұйымдары оның босатылуын талап етіп, бұл істі «саяси мақсаттағы қудалау» деп бағалады.

Мұса ас-Садр — Ливан шиит қауымының ықпалды рухани көшбасшысы әрі «Амаль» қозғалысының негізін қалаушы. 1978 жылы ол Муаммар Каддафидің шақыруымен Ливияға барып, сол сапардан кейін жоғалып кеткен. Бүгінге дейін оның тағдыры беймәлім күйінде қалып отыр.

Материал авторы