Кішкентайлардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіз әрі еркін өмір сүруіне жағдай жасау – ұлттық басымдыққа айналуға тиіс. Қазір бұл бағыттағы іс-шаралар мен бағдарламалар шашыраңқы жүргізіліп келеді. Сол себепті Президент бастамасымен оларды біріктіріп, бірыңғай ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесі көтерілді. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарламаны әзірлеуді ұсынған болатын. Бұл бастама бүгінде нақты іске айналып, Үкімет бағдарлама тұжырымдамасын жасауға кірісіп кетті.
Жақында Үкіметте 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» ұлттық бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы талқыланды. Құжат балалардың құқығын қорғауға және олардың жан-жақты дамуына бағытталған барлық шараларды бір жүйеге біріктіреді. Бағдарламаны әзірлеуге Оқу-ағарту министрлігімен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкіл, депутаттар және азаматтық қоғам өкілдері де қатысып жатыр.
Мамандардың айтуынша, «Қазақстан балалары» бағдарламасы ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған кешенді мемлекеттік саясаттың өзегіне айналады. Тұжырымдама дайындау кезінде балаларға қатысты барлық стратегиялық, бағдарламалық және нормативтік құжаттар жан-жақты талданбақ.
Биыл наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу ісінде жергілікті билік пен қоғам белсенділерінің енжарлығын сынға алған еді. «Қазір бұл бағыттағы жұмыстар әртүрлі құжаттармен реттеледі, бәрі шашыраңқы. Сондықтан осының бәрін бір бағдарламаға біріктіру қажет. Осы мақсатта «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама қабылдау керек деп санаймын», – деген болатын Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, бұған дейін бала тәрбиесі көбіне білім беру шеңберінде қаралып келді, ал тәрбиелік саясат жүйелі деңгейде қолға алынған жоқ.
Бұл бастаманы сарапшылар елдегі алғашқы кешенді қадам деп бағалап отыр. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның сөзінше, жаңа бағдарлама мемлекеттің, ата-аналардың, мұғалімдердің, дәрігерлердің, әлеуметтік қызмет пен үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіреді.
Бағдарлама қоғамнан үлкен үміт күттіреді. Онда балалардың құқығын қорғау органдарының әлеуетін арттыру, мектеп пен аула инфрақұрылымын жақсарту, зорлық-зомбылықтың, буллингтің және суицидтің алдын алу, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениетті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ балалар қауіпсіздігін күшейту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу де қарастырылмақ.
Бұл бағдарлама мемлекеттік органдардың бірыңғай іс-қимыл жоспарына айналып, балалар игілігіне бағытталған бюджеттің негізін қалыптастырады деп күтілуде.
Президент ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды да басты назарда ұстап отыр. Қазір елімізде 216 мыңға жуық ерекше білім беру қажеттілігі бар бала бар. Олар өз қатарларымен бірге білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін инклюзивті сыныптар мен оңалту орталықтары ашылып жатыр. «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» және «Қамқорлық» қорларының қолдауымен әкімдіктермен бірлесіп 42 оңалту және 7 аутизм орталығы іске қосылды. Бұл орталықтарда 60 мыңға жуық бала көмек алады.
Сонымен бірге ауылдық жерлерде футбол және спорт алаңдарын салу қолға алынған. Бұл балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алады.
Бұған дейін де балалар игілігі үшін бірқатар маңызды бағдарламалар іске қосылған болатын. Мысалы, барлық мектепте «Адал азамат» жобасы жүзеге асып келеді. Сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға», «Келешек» және «Жайлы мектеп» сияқты бастамалар балалардың сапалы білім алуына, қауіпсіз және жайлы ортада өсуіне жол ашты.
Бүгінде әзірленіп жатқан «Қазақстан балалары» бірыңғай ұлттық бағдарламасы осы бастамаларды бір арнаға тоғыстырып, жас ұрпақтың толыққанды дамуы мен жарқын болашағын қамтамасыз ететін ауқымды жоба болмақ.
Авторы Серік Алдан
RUS