SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде екі ер адамның қол ұстасып жүруі ЛГБТ идеологиясын насихаттауға жатпайтынын айтты. Бұл туралы ол бүгін Мәжіліс кулуарында журналистердің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, адамдардың жеке кеңістігі мен сезімін білдіру құқығы заңмен шектелмейді.
«ЛГБТ өкілдеріне Қазақстанда өмір сүруге тыйым жоқ. Тек насихат жасауға, яғни қоғамды өз көзқарасын қолдауға үгіттеуге болмайды. Егер олар жұртқа өз өмір салтын дұрыс үлгі ретінде ұсынып, оны қабылдауға шақырса – бұл насихат болып саналады.
Ал, мысалы, саябақта екі ер адам қол ұстасып жүрсе, ол олардың жеке ісі. Бұл насихат емес, сондықтан оған қатысты ешқандай сұрақ туындамауы тиіс», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, 12 қараша күні Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда ЛГБТ және педофилияны насихаттауға тыйым салуға бағытталған заң жобасын мақұлдаған болатын.
RUS