624

Грузияның бұрынғы президенті Саакашвили ауруханадан түрмеге қайта оралды

Саакашвили түрмеде бірнеше рет аштық жариялап, денсаулығы күрт нашарлаған еді.

Грузияның бұрынғы президенті Саакашвили ауруханадан түрмеге қайта оралды
Irakli Gedenidze/REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Тбилисидегі клиникадан шығарылып, жазасын өтеу үшін қайтадан Руставидегі №12 түзеу мекемесіне жеткізілді. Бұл туралы елдің арнайы пенитенциарлық қызметі хабарлады.

Ведомствоның ресми мәліметінше, саясаткердің қазіргі денсаулығы «қанағаттанарлық» деңгейде болғандықтан, стационарлық ем қажет емес деп танылған. Мұндай шешімді оның емдеуші дәрігері қабылдаған.

Саакашвили 2022 жылдан бері Тбилисидегі «Вивамеди» жекеменшік клиникасында күзетпен емделіп келген. Бұған дейін ол бірнеше рет аштық жариялап, жағдайының нашарлауына байланысты ауруханаға ауыстырылған еді.

Экс-президент 2021 жылдың күзінде жасырын түрде Грузияға оралған соң ұсталып, қамауға алынған болатын. Тергеу дерегінше, ол Поти портына жүк көлігінің ішінде пароммен келген. Елге оралғаннан кейін Саакашвили әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, оппозицияны билікке қарсы дауыс беруге шақырған.

Қазіргі таңда Михаил Саакашвили түрлі істер бойынша жалпы 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ол бұрынғы депутат Валери Гелашвилиге жасалған шабуыл ісі, банк қызметкері Сандро Гиргвлианидің өліміне қатысы бар тұлғаларды заңсыз кешіру және мемлекеттік қаржыны мақсатсыз пайдалану деректері бойынша айыпталған. 

Материал авторы