680

«Қыздарымен оғаш видеолар түсірген»: Петропавлда әйелін азаптап, балаларын қорлаған ер адам ұсталды

Әйел күйеуінен таяқ жеген соң екі аяғы істемей, мүгедекке айналған.

«Қыздарымен оғаш видеолар түсірген»: Петропавлда әйелін азаптап, балаларын қорлаған ер адам ұсталды
НеМолчи.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда бірнеше жыл бойы әйеліне зорлық көрсетіп, балаларын қорқытып ұстаған ер адам қамауға алынды. Бұл туралы «НеМолчи.kz» қоры мәлімдеді.

Қордың мәліметінше, жәбір көрген әйел ауыр жарақаттар алған. Ол басына бірнеше рет соққы тиіп, тіпті бас сүйегіне ота жасатуға мәжбүр болған. Соңғы рет күйеуінен таяқ жеген соң әйелдің екі аяғы істемей қалған. Қазір ол анасының үйінде, жүре алмайды және тұрақты күтімді қажет етеді.

Ал бес баласы әкесінің қолында қалған. Туыстары ең кішкентай баланың қайда екенін білмей отыр. Ер адам оны көрсетуден бас тартқан.

«Бізде полицияға да, дәрігерлерге де, қамқоршылық органдарына да сұрақ көп. Әкесі жұмыс істемейді, балаларға берілетін жәрдемақы картасын әйелден тартып алған. Ол әлеуметтік желіде өз қыздарымен бірге түсірген қорқынышты, оғаш видеолар жариялаған», – деп мәлімдеді қор өкілдері.

Полиция мен қамқоршылық органдары тексеру жүргізіп, 4 пен 17 жас аралығындағы балалардың тұрмыс жағдайын бағалаған. Әйел күйеуіне қарсы арыз түсірді. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Балалар анасымен қауышты.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бұған дейін бұл отбасыдан ешқандай шағым түспегенін хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр, соңғы шешім қосымша тексеру нәтижесінде қабылданбақ.

Қамқоршылық органдары балаларды уақытша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырмақ. Оларға психологтардың көмегі көрсетіледі.

«Балалар анасына оралғанда қуанышын жасыра алмады. Олар әкесі тарапынан да зорлық көргенін айтты. Сараптама қорытындысынан кейін күдіктіге ресми айып тағылатын болады», – делінген «НеМолчи.kz» қорының хабарламасында.

Полиция азаматтарды тұрмыстық зорлық белгілері байқалған жағдайда 102 нөміріне немесе әйелдер мен балаларға арналған республикалық 111 желісіне хабарласуға шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор