SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордада кәмелетке толмаған қызды азғындыққа тарту ісі бойынша кассациялық сот шешімі шықты. Айыпталушылардың шағымы қанағаттандырылмай, сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.
Бұған дейін кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған сот бірнеше жасөспірім мен жастарды ауыр қылмыстарға кінәлі деп таныған. Тергеу дерегіне қарағанда, олар 16 жастағы қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, қорқытып, ұрып-соғып, ақша талап еткен.
Үкім
М.Н., А.Ж., К.Д. — 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Б.А., Т.У., К.А. — әрқайсысы 4 жыл 8 айға сотталды.
Т.А., Б.А., Т.Д. — 7 жыл 6 айға түрмеге жабылды.
Барлық айыпталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 134, 194 және 110 баптары бойынша жауапқа тартылды. Сот жабық режимде өткен.
Адвокаттар мен туыстары жазаны жеңілдетуді сұрап кассациялық сотқа жүгінгенімен, сот шағымдарды қанағаттандырмады. Сот айыпталушылардың кінәсін дәлелдер мен жәбірленушінің айғақтарына сүйене отырып толық расталғанын айтты.
Айта кетейік, 2024 жылдың тамызында 16 жастағы қызды жыныстық құлдыққа мәжбүрлегені туралы хабар тарады. Қызды сыныптастары Kyzdar.net сайтына «сатылымға» шығарып, түскен пайданы өздеріне аудартып отырған. Қызды үнемі қорқытып, ұрып-соғып, әбден азаптаған.
Оқиғаның салдарынан облыс әкімшілігі мектеп директоры мен бірнеше қызметкерді қызметінен босатып, қалалық білім бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды.
Қылмыстық іс бойынша барлығы 13 адам күдікке ілінген. Бірнеше айыпталушы сотталған, сондай-ақ сутенер де жазасын алды.
RUS